
2026 жылғы 28 мамырда Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында республикалық репродуктивті денсаулық апталығына орайластырылған Ашық есік күні өтті.
Бұл күні барлығы гинеколог, дерматовенеролог және психолог мамандарынан кеңес алуға, сондай-ақ АИТВ-ға жедел тестілеуден өтуге мүмкіндік алды. Келушілерге АИТВ-ның алдын алу шаралары, үнемі тестілеудің маңыздылығы және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау туралы ақпарат берілді.
Сонымен қатар, орталық мамандары іс-шараға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, АИТВ туралы кең таралған мифтерді жоққа шығарды және қатысушыларға қазіргі заманғы алдын алу және емдеу нұсқалары туралы еске салды.
Іс-шараның басты мақсаты халықтың АИТВ-инфекциясы және репродуктивті денсаулықты сақтау туралы хабардарлығын арттыру болды. Өйткені, тек ақпараттандырылған қоғам ғана өзін инфекция қаупінен қорғауға, уақтылы тексеруден өтуге және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітусіз ортаны қалыптастыруға қабілетті.