
2025 жылы беделді қазақстандық БАҚ "АҚШ-та АИТВ-ға қарсы әлемдегі жалғыз вакцинаны мақұлдады", "АИТВ жеңілді ме? ..." және т.б. тақырыптарды қозғады.
Кәнекей, бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпарат қаншалықты сенімді екенін анықтап көрейік.
Барлық басылымдарда Yeztugo сауда атауымен Ленакапавир атты жаңа препараттың жасалуы туралы айтылады.
Мұнда нақтылау керек: жылына екі рет енгізілетін препарат АИТВ жұқтыру қаупін азайтады.
Бірақ бұл әлі де вакцина емес. Вакцина ұзақ мерзімді иммунитетті қалыптастырады, ал Ленакапавир — үнемі енгізуді қажет ететін дәрі.
2025 жылдың 14 маусымында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) жаңа нұсқаулық шығарды, онда ол ленакапавирді жылына екі рет инъекция түрінде экспозицияға дейінгі алдын алудың қосымша құралы ретінде қолдануды ұсынды.
Бұл алға жасалған маңызды қадам, алайда препаратты жаппай қолдану әзірге шектеулі: өндірісті ұйымдастыру, сатып алу және ұлттық емдеу хаттамаларына енгізу үшін уақыт қажет.
Бастапқы зерттеулер өте жоғары тиімділікті көрсетті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры доктор- Тедрос Адханом Гебрейюстің айтуынша, клиникалық зерттеулер бұл ұзақ әсер ететін антиретровирустық препарат тәуекел тобындағы адамдар арасында АИТВ инфекциясының 100% дерлік алдын алатынын көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, біздің орталықта негізгі топтар қатарындағы адамдар байланыс алдындағы профилактиканы (PrEP) таблетка түрінде тегін ала алады. Оны тағайындамас бұрын Достық кабинетінің дәрігері егжей-тегжейлі кеңес пен қажетті зертханалық зерттеулер жүргізеді, сонымен қатар препаратты қабылдау схемасын таңдауға көмектеседі.
Айта кету керек, таблетка формасы бұрын ДДҰ мақұлдаған және АИТВ жұқтыру қаупін азайтатын тиімді құрал ретінде қолданылады.