
2025 жылғы 12 тамызда Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы мен «Болашақ мұра» Қоғамдық Қоры арасында ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды.
Құжат медициналық және үкіметтік емес ұйым арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға, АИТВ-инфекциясының алдын алу және диагностикалау саласындағы күш-жігерді біріктіруге, сондай-ақ халықтың негізгі топтары үшін көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Орталықтың бас дәрігері - Нурлан Ахильбеков, үкіметтік емес ұйымдармен, әсіресе негізгі топтармен жұмыс жасауда, аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды жақсартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, бірлескен қызмет АИТВ және оның алдын алу шаралары туралы сенімді ақпаратқа ие адамдар тобын бірлескен іс-шаралар мен ақпараттық науқандар өткізу арқылы кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қор басшысы Айнур Нурбаева мемлекет пен азаматтық сектордың тығыз ынтымақтастығы жағдайында ғана медициналық қызметтерге қол жетімділік пен қолдауды қажет ететін жабық қоғамдастықтардан шыққан адамдарға барынша толық және тиімді көмек көрсетуге болатынын атап өтті.
Кездесу барысында, тараптар АИТВ-инфекциясымен байланысты өзекті мәселелерді талқылап, алдын алу бағдарламаларды іске асыру тәжірибесімен алмасты және бірлескен акциялар мен оқыту семинарларын өткізуді қоса алғанда, одан әрі өзара іс-қимыл жасау үшін нақты қадамдарды белгіледі.