
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындады. Мемлекет басшысы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында ауруханалар, перинаталдық орталықтар, жедел медициналық жәрдем станциялары мен балаларды оңалту орталықтары бар.
Ана мен бала денсаулығын қорғауға да айрықша көңіл бөлінді. Елімізде сегіз заманауи перинаталдық орталығы, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу көзделген. Бұдан бөлек, Астанада тағы екі нысан бой көтермек.
Денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі - алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту. Жалпы тәжірибелік дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту және осы саланы қаржыландыруды ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап, учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне байланысты 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.
Жолдауда Ақмола облысы үшін маңызды жобалар да атап өтілді. Президент «Көкшетау - Петропавл» автомобиль жолын кеңейту жұмыстарын бастауды тапсырды. Бұл өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ақмола облысында озық шетелдік тәжірибені қолдана отырып, ет кластері құрылып жатқанын атап өтті.
Жолдауда айтылған бастамалар өңірлерді дамытуға, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.