
Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында қызметкерлермен кездесу өтіп, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар мемлекеттік тілді кәсіби қызметте қолдану, қызметтік құжаттарды жүргізу және халықпен қарым-қатынас барысында тілдік нормаларды сақтау мәселелерін қарастырды. Қазақ тілін үйренуге жағдай жасауға және оны күнделікті жұмыста іс жүзінде қолдануға ерекше назар аударылды.
Орталықтың мемлекеттік тіл жөніндегі корректоры Сандуғаш Мұхамеджанова тіл заңнамасының негізгі талаптары туралы айтып, қазақ тілін үйренуге ынта танытып, тілдік дағдыларын жетілдіруге күш салып жүрген қызметкерлерді атап өтті.
Орталықтың дәрігер-әдіскері, медицина ғылымдарының докторы Қасымжан Ташметов санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына арнап өзі әзірлеген орысша-қазақша сөздікті таныстырды. Ол мұндай материалдардың кәсіби сөздік қорды байытуға көмектесетінін атап өтіп, әріптестеріне қазақ тілін тек жұмыста ғана емес, күнделікті қарым-қатынаста да кеңінен қолдануға тілек білдірді.
Пациенттерді қолдау қызметінің дәрігері Құрманбек Бұрмағанов бүгінде қазақ тілінің күнделікті қарым-қатынаста, соның ішінде түрлі ұлт өкілдері арасында да кеңінен қолданылып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, адамдардың ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді үйренуге және қазақ тілінде еркін сөйлесуге ұмтылуы ерекше қуантады. Бұл қазақ тіліне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетіп, қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға ықпал етеді.
