
Ақмола облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары сүт безі обырының алдын алуға арналған ақпараттық айлық аясында ұйымдастырылған «Әйел өмірі үшін» акциясын қолдады.
2026 жылғы 18 қазанда Көкшетау қаласындағы «Динамо» шаңғы базасында бұқаралық жүгіру өтті. Акцияның негізгі мақсаты - аурудың белгілері, тұрақты тексерілуден өтудің маңыздылығы және ауруды ерте анықтау туралы халықтың хабардарлығын арттыру.
Сол күні қатысушылардың киіміне тағылған қызғылт лента әйелдерді қолдаудың және сүт безі обыры мәселесіне қоғам назарын аударудың символына айналды. Алайда бастапқыда лентаның түсі қызғылт емес, шабдалы түстес болған.
1990 жылдардың басында сүт безі обырын жеңген америкалық әйел шабдалы түсті лентаны ойлап тауып, оны арнайы карточкалармен бірге тарата бастаған. Карточкаларда: «Ұлттық онкологиялық институттың жылдық бюджеті - 1,8 миллиард доллар, оның тек 5%-ы ғана сүт безі обырының алдын алуға бағытталған» деген жазу болған. Бұл үндеу көп ұзамай бүкіл Америкаға таралды.
Кейін SELF журналының бас редакторы- Александра Пенни мен Estée Lauder косметикалық брендінің өкілі- Эвелин Лаудер бұл бастаманы қолдап, оны ауқымды науқанға айналдыруға атсалысты. Осылайша шабдалы түсті лента қызғылт түске ауысып, халықаралық деңгейде танымал символға айналды.
Денсаулыққа қамқорлық өзіңе деген ықыластан басталады! Тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп, алаңдатарлық белгілерді елемей қалдырмаңыз және дер кезінде дәрігерге жүгініңіз. Сүт безі обырын ерте анықтау сәтті емделу мүмкіндігін арттырады.
