
Еліміздің жаңа Негізгі заңы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Ол 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданды.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция қазіргі қоғамдағы маңызды өзгерістерді көрсетеді.
Қазақстандық саясаттанушы Газиз Әбішевтің айтуынша, 1995 жылы қабылданған Конституция өз кезеңі үшін инновациялық құжат болды. Сонымен қатар, онда алдыңғы дәуірдің инерциясы да сақталған еді. Ал қазіргі Конституция өткен онжылдықтарда жинақталған тәжірибені едәуір дәрежеде ескереді. Сарапшының пікірі Tengrinews.kz сайтында жарияланған.
Азаматтардың медициналық құқықтарына қандай өзгерістер енгізілді?
Азаматтардың медициналық құқықтары бөлігінде елеулі өзгерістер болған жоқ. Өзгерістер негізінен медициналық көмекті қаржыландыру және ұйымдастыру жүйесінің дамуымен байланысты жекелеген тұжырымдарға қатысты болды.
Мәселен, Конституцияның бұрынғы редакциясында: «Республика азаматтары заңмен белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы» деп көрсетілген болатын.
Ал жаңа редакцияда: «Қазақстан Республикасының азаматтары заңмен белгіленген, өздері ақы төлемейтін медициналық көмекті алуға құқылы» деген тұжырым қолданылады.
Бұл ретте «азаматтар ақы төлемейтін медициналық көмек» ұғымы медициналық көмектің ақылы болатынын білдірмейді. Әңгіме пациентке қаржылық жүктеме жүктемей, медициналық көмекті қаржыландыру көздерінің өзгеруі туралы болып отыр.
Атап айтқанда, медициналық көмек:
тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі шеңберінде;
заңнамада тыйым салынбаған өзге де көздер, оның ішінде қайырымдылық және халықаралық қаражат есебінен қаржыландырылуы мүмкін.
Іс жүзінде азамат мемлекет кепілдік берген медициналық көмекті алу кезінде тікелей шығындарға ұшырамайтын қолданыстағы модель сақталады.
Бұрынғыдай, денсаулықты қорғау құқығы адамның негізгі әлеуметтік-экономикалық құқықтарының бірі болып табылады және мемлекет тарапынан қорғалады.
Ал АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикасы және емдеу мәселелеріне келетін болсақ, бұл қызметтер бұрынғыдай толық көлемде және сол шарттармен көрсетіледі.
Бүгінде Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы диспансерлік бақылауында 1200 пациент бар. Олар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем қабылдап келеді.