
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Көкшетау жоғары медицина колледжінің базасында медициналық ұйымдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылға жауапты мамандарының қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға қатысушыларды кәсіби мерекелерімен Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек құттықтады.
«Сіздер денсаулық сақтау саласы мен халық арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосып, денсаулық мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындарды қолжетімді, сенімді әрі өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ медициналық ұйымдардың оң беделін қалыптастыруға атсалысып келесіздер», - деп атап өтті басқарма басшысы құттықтау сөзінде.
Іс-шара барысында 11 маманға Алғыс хат табысталды. Марапатталғандардың қатарында Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қонуспаев, сондай-ақ облыстың басқа да медициналық ұйымдарының өкілдері болды: Зарина Тасболатова (Біржан сал ауданы), Бауыржан Ерболат («Бурабай» оңалту орталығы), Меруерт Ақылбай (Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасы), Анеля Мусатаева (Зеренді ауданы), Әлия Махметова мен Арайлым Калабаева (Облыстық көпбейінді аурухана), Валентина Кузько (Қалалық емхана), Лейла Газдиева (Целиноград ауданы), Салтанат Ілиясова (Көкшетау жоғары медицина колледжі), Алина Ахметова (Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы).
Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының ұжымы бұқаралық ақпарат құралдарының барлық өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, АИТВ тақырыбын объективті түрде жариялап, қоғамдағы қалыптасқан қате түсініктерді жоюға және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға деген толерантты көзқарасты қалыптастыруға қосып жүрген үлестері үшін журналистерге шынайы алғысын білдіреді.
