
Бүкіләлемдік ЖИТС-пен күрес науқаны аясында Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының мамандары Көкшетау қаласындағы №16 жалпы білім беретін мектеп пен №17 мектеп-гимназияның жоғарғы сынып оқушыларын ақпараттық жұмыстармен қамтыды. Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, онда АИТВ-ның, сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алу мәселелері талқыланды.
«Бүгінде біз ерекше назарды жастарға аударамыз, өйткені олардың айналасында көптеген қауіп-қатер факторлары бар - ерте және қорғанусыз жыныстық қатынастар, психобелсенді заттарды қолдану, тексерілуден қорқу. Осындай іс-шаралар жас буынның ақпараттануын арттырып қана қоймай, сенімді ақпаратты бірінші ауыздан алуға мүмкіндік береді», - деп бөлісті іс-шара спикерлерінің бірі, орталықтың эпидемиолог дәрігері Балғын Сарбасова.