
АИТВ-инфекциясының алдын алуда және тері-венерология саласында халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда 26 қыркүйекте ҚДИАҒО директорының міндетін атқарушы - Ұ.Медеубековтің Ақмола облысына жасаған жұмыс сапарының өзегі болды.
Облыс әкімінің орынбасары- А.Әміреновамен, мәслихат депутаттарымен және АИТВ мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуде АИТВ-инфекциясының алдын алу және дерматовенерология қызметін дамыту мәселелері талқыланды. АИТВ бойынша бағдарламаны тұрақты қаржыландыруды, ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты (МӘТ) бөлудің уақтылығы мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Басым міндеттердің қатарына ұлттық индикаторларға және ЮНЭЙДС стратегиясының 95-95-95 мақсаттарына қол жеткізу жатады.
Ұ.Медеубеков Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының және облыстық тері-венерологиялық диспансерінің қызметімен танысты. Ол мекеме басшыларымен алдын алу жұмыстың негізгі бағыттарын, зертханалық диагностиканы ұйымдастыруды, сондай-ақ дәрілік препараттармен қамтамасыз ету және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мәселелерін талқылады.
Сапар барысында сектораралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Денсаулық сақтау басқармасында облыстың медициналық ұйымдарының басшыларымен өткен селекторлық кеңесте тестілеуге, емдеуге, оның ішінде қосарланған инфекцияларға және алдын алу қызметтерге, оның ішінде халықтың негізгі топтары үшін байланысқа дейінгі алдын алуға (БДА) қолжетімділікті кеңейту тақырыптары көтерілді.
ҮЕҰ өкілдерімен, бастамашыл топтармен, халықтың негізгі топтары мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдармен кездесу өзекті болды. Онда МӘТ бөлу қажеттілігі, мемлекеттік ұйымдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру, антиретровирустық терапияны (АРТ), БДА, вирустық гепатиттерді емдеуді қоса алғанда, кешенді қызметтерді алу сапасы талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеуге қол жеткізуді жақсарту, ҮЕҰ үшін МӘТ бөлу және өңірде дерматовенерология қызметін дамыту жөнінде тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.

