
28 шілде - Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні атап өтіледі, бұл күн гепатит В вирусын тауып, оған қарсы диагностикалық сынақ пен вакцина жасаған, Нобель сыйлығы лауреаты докторы- Барух Бламбергтің туған күніне сәйкес келеді.
Вирустық гепатит- бұл бауыр тінінің қабынуына және оның функцияларының бұзылуына әкелетін вирустардың әртүрлі түрлерінен (A, B, C, D, E) туындаған бауырдың жұқпалы ауруы. Ауру жедел және созылмалы түрінде болуы мүмкін. В және С гепатиттері ең қауіпті, олар цирроз мен бауыр ісігін тудырады.
Жұғу жолдары вирустың мынадай түрлеріне байланысты болады: фекальды-ауызша (А және Е гепатиттері) парентеральды және жыныстық (В, С және D гепатиттері).
Қазақстанда В және С гепатиттерімен 70 мыңға жуық адам өмір сүреді. 2024 жылы алғаш рет 13 830 пациентке диагноз қойылды.
2016 жылдан бастап Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай С вирустық гепатитін жою жөніндегі жаһандық бағдарламаны іске қосты.
Қазақстанда вирустық гепатитке тестілеу мен емдеу қарқыны қарқынды дамып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі ДДҰ және басқа да мүдделі тараптармен бірлесе отырып, елдің барлық тұрғындары үшін маңызды гепатитті емдеу қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін, ДДҰ-ның дәлелді ұсыныстарына негізделген саяси және стратегиялық шешімдер қабылдады және тиімді техникалық тәсілдерді енгізді.
Қазақстанда ең көп тарағандары: А гепатиті (92%), В гепатиті (2,3%), С гепатиті (4%), сондай-ақ белгіленбеген этиологиясы бар гепатиттер (1,5%) болып табылады.
2025 жылы В және С гепатиттерімен күрес, оның ішінде алдын алу және емдеу, әсіресе халықтың негізгі топтары арасында жұмыс жалғасуда.
Қазіргі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы В және С гепатитін тексеру және емдеу мүлдем тегін болатын санаулы елдердің бірі. 2024 жылы 30 мыңнан астам адам С вирустық гепатитін емдеді. ДДҰ Қазақстанды Орталық Азия аймағында және ТМД елдерінде осы ауруды жою бағдарламасын жүзеге асыруда көшбасшылардың бірі ретінде таныды.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда В гепатитіне қарсы егу бала дүниеге келген күннен бастап жүргізіледі, бұл аурудың 95 пайызға алдын алады. Еліміздегі гепатологиялық орталықтарда да мамандандырылған көмектің барлық түрі бар.