
2025 жылғы 17-19 наурыз аралығында Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы мамандарының бригадасы Аршалы және Шортанды аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты өңірдің медициналық ұйымдарына ұйымдастырушылық-әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсету болды.
Сапар аясында дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерге арналған медициналық кеңестер мен оқыту семинарлары өткізілді. Осы аудандарда АИТВ-инфекциясының таралуын тежеуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді.
Қазақстан Республикасында 2023-2026 жылдарға арналған АИТВ-инфекциясының алдын алу жөніндегі шараларды іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес, медицина қызметкерлерінің нысаналы топтарына мынадай бағыттар бойынша оқыту жүргізілді: жүктілік, босану және емізу кезінде АИТВ, мерез және вирустық гепатиттердің таралуының алдын алу; оппортунистік ауруларды диагностикалау және емдеу мақсатында АИТВ-мен өмір сүретін пациенттерді жүргізу; стигма және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға және халықтың негізгі топтарына қатысты кемсітушілік.
— Мұндай сапарлар өңірлердегі медициналық көмек жүйесін нығайтуға, мамандардың хабардарлығын арттыруға және алдын алу іс - шаралардың сапасын жақсартуға көмектеседі,-деді орталықтың ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі - Сабира Ашимова.
Дәрігердің айтуынша, облыстың барлық тұрғындары үшін, АИТВ-инфекциясының уақтылы және тиімді алдын алуға қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін өңірлерде медициналық кадрларды оқыту және қолдау жұмыстары жалғасатын болады.