118-бап. Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтыру
1. Басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупiне көрiнеу душар ету - екi жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Өзiнде АИТВ бар екендiгiн бiлген адамның осы ауруды басқа адамға жұқтыруы - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген, екi немесе одан да көп адамға қатысты не көрiнеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекет -бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді жасаған адам, егер АИТВ жұқтыру қаупіне душар болған не оны жұқтырған басқа адам біріншісінде осы аурудың бар екендігі туралы уақтылы ескертілген және жұқтыру қаупін туындатқан әрекеттерді жасауға өз еркімен келіскен жағдайда, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.