Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі No 235-V ЗРК кодексінен үзінді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы
429-бап. АИТВ жұқтырғандармен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың, сондай-ақ психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар не дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi немесе психотроптық заттарды тұтынушы адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден жалтаруы
Ескерту. 429-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 07.07.2020 № 361-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Денсаулық сақтау мекемесiнiң жазбаша жасаған ескертуiнен кейiн де АИТВ жұқтырғандармен, соз ауруларымен, туберкулезбен ауыратындармен қатынаста болып жүрген адамдардың медициналық тексерілуден және емделуден одан әрі жалтаруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар не дәрiгердiң тағайындауынсыз есiрткi немесе психотроптық заттарды тұтынып жүргенi туралы жеткiлiктi деректер бар адамдардың медициналық зерттеп-қаралудан және емделуден жалтаруы -
он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. 429-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 208-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
430-бап. Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың емделуден жалтаруы
1. Тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемесiнiң жазбаша жасаған ескертуiнен кейiн де олармен қатынаста болған және профилактикалық емдеудi қажет ететiн адамдардың дәрiлік заттарды қабылдаудан бас тартуы және емделуден өзге де жалтаруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың тiзбесiн денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын кәмелетке толмаған балаларын емдетуден жалтаруы -
жеке тұлғаларға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. 430-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2019 № 300-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
431-бап. Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы
Айналадағылар үшін қауiп төндiретiн аурулармен ауыратын адамдардың жұқтыру көзiн және осы ауруларды басқа адамдарға жұқтыру қаупiн туғызатын өздерiмен қатынаста болған адамдарды жасыруы -
бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.